Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумдары 2003 жылы Омбыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінен беста, екі елде кезекпен өтуде. Содан бері екі ел көшбасшыларының шекара маңындағы өңірлердің бірінде кездесіп, күн тәртібін талқылау жақсы дәстүрге айналды.
Форум Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылау, екіжақты қатынастарды нығайту, іскерлік байланыстарды әртараптандыру, сондай-ақ екі мемлекеттің билік және бизнес өкілдерінің қарым-қатынас алаңы болып табылады.
Бүгінде Форум шекаралық формат шеңберінен шығып, екі елдің өзара іс-қимылының толыққанды тетігіне айналды. 2003 жылдан бастап өзара сауда көлемі 3,5 есе ұлғайды, оның ішінде Қазақстаннан Ресейге жеткізу 2,6 есе өсті.
Қазақстанда бүгінде 6800-ден астам ресейлік кәсіпорын мен 3200 бірлескен қазақстандық-ресейлік компания табысты жұмыс істеуде. Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының үштен бірінен астамын құрайды. Мұнай, энергетика, қаржы, машина жасау, тау-кен, химия және экономиканың басқа салаларында бірлескен жобалар белсенді дамуда.
2003 жылдан бастап Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы Ресей және Қазақстан қалаларында: Челябі, Орал, Новосибирск, Ақтөбе, Орынбор, Өскемен, Астрахань, Павлодар, Екатеринбург, Атырау, Сочи, Астана, Петропавл, Омбы қалаларында кезекпен өткізілді.
«Екі елдің өзара іс-қимылының маңызды бағыттарының бірі экология және онымен байланысты мәселелер болып табылады. Экологиялық проблемалардың мемлекеттік шекаралары жоқ екені белгілі. Біз оларды бірлесіп шешуге тиіспіз. Сондықтан келесі форумның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» деп белгілеуді ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы 2021 жылдың 28 және 30 қыркүйегінде мемлекет басшыларының қатысуымен «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында онлайн форматта өтеді.
Жыл сайынғы іс-шараның мақсаты екі елдің экология және жасыл өсу саласындағы интеграциялық процестерді дамытудағы ынтымақтастығының қағидаттары мен негізгі бағыттарын бекіту, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, экология, геология және табиғи ресурстар саласындағы отандық және ресейлік инвестициялардың ағынын одан әрі ынталандыру болып табылады.
Форум Жайық (Орал), Ертіс трансшекаралық су айдындарының экожүйесін және басқа да ірі өзендерді, биоалуантүрлілікті, Каспий итбалығының популяциясын сақтау және климаттың өзгеруі мәселелерін қозғайды, сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар саласында бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған форумға қатысушылар арасындағы нақты уағдаластықтарға қол жеткізу үшін халықаралық диалог алаңын құрады.